Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын…
Мұқағали Мақатаев
. . .
Замандастың әңгімесінен үзік сыр.
( Қаз қалпында)
Бақберген анасын қарттар үйіне өткізіпті дегенді естігенде бәріміз шошыдық. Кездесе қалсақ бір-бірімізге айтып, жамандастық. Бірте- бірте Бақбергенді шеттетіп, ақыры жиын- тойға шақырмайтын болдық. Одан бергі жерде, біразымыз ауылдан алыстап та кеткенбіз.
Бүгін ауылдағы бір жиында достар жиналып қалдық. Бақберген де келіпті. Салқын амандастық. Адам аяғы басылып, өзіміз қалғанда, Бақбергенді ортаға ап, жүндей түттік. Дұрыс еместігін айттық, ата-ананы сыйлау керектігін, бағу керектігін, қас-қабағына қарау керектігін айттық.. “Ата-анаң жынды болса, байлап бақ” деген халықта сөз бар деп ақылгөйлендік. Ол үнсіз тыңдады, сөзді бөлмеді. Сосын кенет:
Біреуді кінәлауға келгенде, біреудің қисығын көруге шебер-ақпыз, ә?
Бәрің айтып болдыңдар ма? Енді мен сөйлейін, сендер тыңдаңдар.
-Сен, Қазыбай, анаңмен бір ауылда тұрасың, шақырмаса бармайсың.Сенбі, жексенбіде әйеліңмен барып үй- ішін жинап бердің бе? Тәтті тамақты ортаға алып бірер сағат қасында болып, анаңа көңіл бөлдің бе? Есіңде ма, әйелің екі қабат болысымен сен кішкентайларыңды азанда жұмысқа бара жатып анаңа апарып тастайтынсың , кешке алып қайтатынсың.Әйелің жұмыссыз үйде отырады.Ал кемпір болса отырып- тұрып, етегіне сүрініп жүріп немерелерінің ас-суын беріп шаршайды. Сен әйеліңді аяйсың, анаңды неге ойламайсың? Мұны бүкіл ауыл сөз қылатын.
Ал сен, Марат, үйленген кезің есіңде ме? Сен ұмытсаң да ел ұмытқан жоқ. Тойдан кейін бір күн де қалмай, бір рет әйеліңнің қолына сыпырғыш ұстатпай, бір кесе шай құйғызбай қалаға алып қаштың емес па? Анаңның қолында келін жоқ екенін білесің, тойдан кейінгі бұрқыраған ыдыс- аяқ пен шашылған үйді кім жинайды дедің? Оны көршінің келіндері екі күн жүріп жинасты, ішінде, жаман да болса, менің әйелім болды. Ау, үйленген кісіге үкімет екі- үш күн демалыс бермеуші ма еді? Мұныңа бүкіл ауыл күлген, жағаларын ұстаған. Содан бері сен ауылға қанша рет келдің? Келдің бе өзі?!
Ананы сыйлау, аялау жайлы ақыл айтқыларың келеді.
Сен де тыңда,Жанарбек, оқығансың, қалада тұрасың, жұмысың бар.Бұлтиып қозы қарының шыққанына мәзсің.Балалы болдың, сол балаң өз ата- әжесін тани ма, іздей ма? Қане, сенің ата- анаңа немере сүюдің қызығын көрсеткенің. Сенің әке- шешең үйіңе бір күн түнеді ме? Үйім тар, бір бөлмелі дейсің.Бірақ қайын енең айлап- жылдап сыйғанда, шүкімдей ғана анаң сыймады ма?
Бала өзі кімдікі, қай рудың баласы, нағашыларынікі ма? Немерені суға түсіру, сылау, мейірленіп иіскеп, жас баланың тәттілігін қызықтаудың қызығы оған емес нағашы әжесіне бұйырса, анаң жат адамдай келіп кетуден басқа не істейді? Декретте отыр ғой, әйеліңді қара шаңыраққа неге апармайсың, неге ол тым құрыса декретте отырған бірер жылында енесіне шайын қойып, сәлемін беріп, келіндік қызметін жасамайды?.Қолы шығып қала ма? Белі үзіліп кете ме?
Ал сен,Ғалым, кереметсің, ауданның білдей танымал азаматысың.Жұмысың бар, машинаң бар, зәулім үйің бар.Ал кемпір мен шал ауылда құлағалы тұрған лашықта тұрады. Хан сарайын салып бермесең де отын- суын неге әпермейсің, неге кіндік қаның тамған сол қасиетті лашықты жөндеп бермейсің? Қане, сенің көрсеткен рахатың? Сен бүгін басшы болғаныңмен, кеше сол лашықтан шықтың. Сені оқытып, өсіріп адам еткенде айтқан рахметің сол ма?
Сені адам еткен ата – анаң таза, жарық, әдемі үйде тұруға лайықсыз кісілер ма?
Ал сенің, Мәулен, әке- шешеңмен бірге тұрғаныңды қайтейін, оларды адам құрлы көрмейсің.Бөксесі керсендей болған әйеліңнің юбкасының астында жүрсің.Өзің жүрсең бір сәрі, кемпірді де келіннің қол жаулығына айналдырып қойдың.Тіпті балаңды гаршокқа отырғызып, құйрығын сүртіп, жыласа жұбатын да шешең.Келіннің үй тірлігінен қолы тимей жатса бір жөн- ау.Ол кино көріп не сотка шұқылап отырады.
“Сынықтан басқаның бәрі жұғады” демекші, әйеліңнің арамдығы жұққан саған. Тойда ұжымның берген ақшасын басып қалып, жоқ- жоқ демеді ме? Ал анаң байғұс ауылдағы ” итке бір сүйек қарыз”. Қарыз бергендер көшеде жүргізбейді. Сендерді жұрт сырттарыңнан келеке- мазақ етеді. Қане, жаныңның ашығаны, қане, анаңның абыройын ойлағаның?
Сен, Қалқаман, әйелің кетіп қалғанда, не істемедің? Келіншегіме қарап сөйледің, ол бәріңе қатын болуға келген жоқ деп анаңа қол көтеріп едің гой.Ұмыттың ба? Сен ұмытсаң да, ел ұмытқан жоқ. Әйеліңнің төркініне мені сан рет ертіп барып, енеңнің жағдайын жасап, табанын жалауға қалып едің ғой . Әйелің әке- шешеңнің табалдырығын аттамаймын дегенде, пәтер жалдадың.Әйеліңнің қасы- қабағына қарадың.Келіннен бір сөз естіп, баласының қолы тиген анаңның жүрегінде не болып жатқанына назар салдың ба? Кішкене ауылдың мына басында сен тұрып жатырсың, екінші басында шешең тұрып жатыр, өзің барасың, әйеліңді апара алмадың.Бір ауылда тұрып ене мен келін бір- бірінің есігін ашпағаннан асқан азап бар ма ата- ана үшін.Ананы сыйлау жайында маған әңгіме айтқың келеді, ә?
Ия, мен жаманмын, анамды сыйламаған, әйеліме сыйлата алмаған оңбағанмын. Ал сендер сол оңбағандықты жасырын түрде істеп келесіңдер.Бар шындық осы. Қарттар үйіне өткізген жоқпыз деп көкисіңдер, бірақ қайсысың ата-анаңа мейірім көрсетіп жатырсың.
Менің төрт балам бар.Әйелім адуын, оған, рас, әлім келмеді. Өзім бір апталап Камаз айдап алыс сапарларда жүремін. Үйге келгенде анамның жүзінен айтпай-ақ жағдайы болмайтындығын сеземін.Сол жаныма батады.Әйеліме айтып түсіндіре алмадым.Оның үйде отырып қан жұтқанынан, қарттар үйінде болып таза болғанын, қарны тоқ болғанын, ауырмағанын қаладым. Өз отын, қара шаңырағын сағынатынын білемін.Сол олқылықтың орнын толтырғым кеп, тастанды болдым деп ойламасын деп сапардан келе сап қарттар үйіне жүгіремін.Бастығынан сұрап ап қаланы қыдыртамын, жай бақта отырып бірер сағат әңгімелесеміз, ағайынның той- томалағына апарып, өлім- жітімінен қалдырмауға тырысамын. Әйеліммен ажыраса алмаймын, төрт баламды қимаймын.Үйде оның жағдайы болмайды.Соған жүрегім ауырады.Мен екі оттың ортасында қалдым. Ал сендер ше? Аналарың үйлеріңде отыр.Бірақ ол кісінің жан рахаты бар ма? Бірде түнде келе жатып дарбазаның сыртында жылап отырған сенің анаңды көрдім, Жеткерген. Сағат түнгі үш болатын. Қасына барып жағдай сұрап ем, намыстанып айтпады.Сонда ол кісі бостан -босқа жылап отырған жоқ қой. Мен сонда сенің анаңды алтын тордағы бақытсыз құсқа теңедім іштей.

Өткен жолы анаң ауырып больницаға түсті, Ғалым. Әйелің екеуің бір машинамен келіп, қолына тиын-тебен ұстатып кетіп қалыпсыңдар. Өйтіп қаймана қазақ та істейді. Жаның ашыса алып кетіп емдетпеймісің. Сен ауырсаң сол шешең сенің жаныңнан шықпас еді.

Сенің анаң әйеліңнің құлы, балаларыңның күтушісі ғана. Өтірік деші, Мәке.

Біріңнің анаң жеті перзент тауыпты.Ерге кеткен қыздарды қойшы, ал төрт ұлы болса да баласыз жандай жалғыз, шалы екеуі ғана.

Ал енді бірің әке шешеңнен намыстанасың.Олар дұрыс сөйлемей қойса, дұрыс істемей қойса, жалт етіп әйеліңе қарайсың.Сол ренжіп қалмады ма екен деп жалтақтайсың.

Мен ғана ата- анадан жалғыз екенмін. Қалғандарыңның, Аллаға шүкір, бауырларың бар. Қане, сендердің бауырмалдылықтарың? Той томалақта ғана кездесесіңдер.Күйеуге кеткен қызды іздеп немесе бауырыңды себепсіз-ақ үйіңе шақырдың ба?
Олардың балаларын бауырыңа тартып, маңдайынан сипадың ба? Жоқ, қайта өкшесі қисайса оны жүндейсің. Әйелдерің бауырыңның баласын шомылдырды ма, көйлегін өтектеп берді ма, каникулда үйіңе әкеп қыдыртты ма, тәтті торт әперді ме, туылған күніне сыйлық жасады ма? Телефонмен құр құттықтап құтыла саласыңдар.Телефондағы дайын жансыз, сезімсіз,жаттанды, жасанды открытканы жібере саласыңдар.
Қане, сендердің кереметтіліктерің?
Ыыы, ақыл айтуға бәріміз шеберміз. Әркім өз жамбасының ауырмайтын жағын ойлаған.Ендеше неге мені кіналайсыңдар? Әлде карттар үйіне өткізіпті деп айтпасын деп,жасанды намыстан қорқып, анамды қорлатып қояйын ба? Өзінің түйедейін көрмей, өзгенің түймедейін көргіштерім- ай!

-” Е-е, бір ата- ана он баланы асырай алады, он бала бір ата- ананы асырай алмайды” деген- ау, -деп, манадан үнсіз отырған қария араласты сөзге.Тыңдап отырсам, бәрің ақылдысың, бәрің сөзге шеберсіңдер. Бір қызығы сол- сөздерің мен істерің бір – бірінен алшақ жатыр.Аспан мен жердей алшақ жатыр. Бұл да ақыр заманның жақындағанының белгісі шығар.
Е-е, Алла, өзің ақырын бере гөр!
Сендер кінәні өзгеден іздейсіңдер.Дұрыс емес нәрсені біліп отырсыңдар, бірақ соны жасамау керектігін білмейсіңдер.Ата- анаға қамқор болу керектігін білесің, бірақ өзің қамқорлық көрсетпейсің. Әлемді тілмен орнатып, тілмен жөндегің келеді. Ол болмайды, қарақтарым.
Ер ердік қасиетін, әйел әйелдік қасиетін жоғалтты бүгінде.Оған кінәлі кім? Еркектер.Ия, біздер кінәліміз.Біз майдаланып кеттік. “Арыстан орға құласа, тышқан құлағында ойнайды”. Әйелдерді босатып алдық.Енді олар дес бере қояр ма екен? Ақылы бар жүзден бірі болмаса…

Менің екі анам болды.Бәйбішеден бала болмаған соң сол үлкен анамыз менің шешемді өзі таңдап жүріп күйеуіне алып берген. Адалдықтың басы осы жерден басталады.Тыңдаңыз…
Анамыз сонда ерінің абыройын, ұрпақсыз қалмауын ойлады.Адалдық па? Адалдық.Анаммен екеуі шай десіп ұрысқан емес. Бізді үлкен анамыз өз баласындай көрді Адалдық па? Адалдық.
Қазір сендер бір біріңмен қаймана қазақтайсыңдар.
Өздерің сондай болған соң әйелің мен балаларың қайда барсын. Олар да жат. Ия, үлен апам адуын еді.Көңіліне жақпаса, дастарханды аудара салатын. Дегенмен, әкені сыйлауды, үлкенді сыйлауды, ананы қадірлеуді, бір- бірімізге бауырмал болуды сол кісі үйретті.Бірде менің әйелім дастархан басында бала емізе бастады. Үлкен апам:
“Біріншіден,балам, омырауыңды көрсетіп бала емізу – әдепсіздік,
Басқа біреу болса омырауыңа көзі түсіп көзденуің мүмкін, еркектер отырса ойы бұзылуы мүмкін, екіншіден, омырауыңды ұстап одан кейін бізге шай құюың тазалыкка да жата қоймас.Үшіншіден баланы оңашада ана еміреніп отырып, баласымен былдырлай сөйлесе отырып емізсе, бала да өскенде мейірімді болады” деді.Әйелім естімеген сыңайлы.Орнынан көтерілмей, шай құя берді.Кенет анамыз дастарханды аударып тастады.Кішкене ақ құман аударылып кетіп әйелімнің аяғы күйіп қалды. Оның даусынан бала шошып шыр ете қалды.Әйелім мен балама жаным ашыса да мен анама” сіздікі дұрыс емес” демедім.
Бірдеңе дегісі келген әйеліме көзбен жекіп, өзге бөлмеге бар дедім.

Тағы бірде жұмыстан кеп әйеліме қатты жекіп жатқанмын.Ту сыртымнан үлкен апам кеп қамшымен жон арқамнан осып жіберді. Қапылыста аңғармай қалып қорғанып үлгермедім.Қамшының орны біраз күн ауырып жүрді.”Еркектің ең жаманы -қазымыр келер. Қатындар сияқты ер адам дауыс көтермес болар.Шын еркек әйелді көзбен жасқар, ыммен түсіндірер” деп шығып кетті.Қанша ұрысып, ұрып жатса да бетіне келмедік.Әйелім екі анамның біріне ренжіп
бірдеңе дегісі келсе,
” Анама қарсы шығып құдайға күнаһар болғым келмейді. Түсінемін, ренжисің.Бірақ соның бәрін біз үшін, жаны ашыған соң, жақсы болсын деп жасап жатыр ғой.Егер көнбесең, онда рұқсат, төркініңе барып тұра ғой.Балаларға барып тұрармын Бірақ, есіңде болсын, бұл табалдырықтан аттадың екен, қайтып кіремін деме”деп ескерттім.
Бауыр дегеннен шығады, мен студентпін.Бірде жолай агайдың үйіне түспей бірден ауылға тартып отырдым.Бәрі мәз.Шай қойылып жатыр.Үлкен апам ағамның жайын сұрады.Мен соқпағанымды айттым.Маған жаман көзімен бір қарады.Отырып шай ішпеді .Мен шай ішкен құрлы болмадым.Кештетіп болсын қайта көрші ауылдағы ағайдікіне бардым.Айтқандай-ақ, ағай да, жеңгей де етті пісіріп, бірақ нанын салмай мені күтіп отыр екен.” Сен кешіккенге бірдеме болып қалды ма екен деп қорқып, онымды ағаңа айтуға батпай отыр едім” дейді жеңгем. Осындай пейілді көрген менің көңілім толқып, алқымыма өксік тығылды.Сәл болмағанда, үлкен апам болмағанда осы жарасымдылыққа сызат түсіріп алар едім деп қорықтым.

Ертеде өте тату екі ағайынды жігіт болыпты.Екеуміз тату болған соң әйелдеріміз, балаларымыз тату депті. Сонда абысынды- келінді екеуі амал айла жасамақ болыпты да, бірі қой сойып, екіншісін от басымен тамаққа шақырыпты.Ет турап отырған жігіт алдыңғы сирақты өз баласына, артқы сирақты бауырының баласына берсе керек.Сонда әйелдің бірі:
-Бауырым, бауырым дейсің.Өз балам үнемі алдыда жүрсін деп алдыңғы сирақты беріп, жұрттың соңында жүрсін деп біздің балаға артқы сирақты берді,-деп араздықтың отын жағып жіберіпті.
Сөзді сөз қуалап ағайынды екі жігіт күжілдесе бастайды.Екі әйел де оларға басу айтқан боп, араздықтың отын онан сайын көсей түсіпті. Ашу ұрысқа айналып, екеуі алакөздене бастағанын сезген әйелдер:
– Балалардың алға шығып не артта қалуы бірінші Алладан, екінші өздерінің талаптарынан. Біз мұны сендердің көздеріңді жеткізу үшін ойластырып едік.Ағайынның да, бауырдың да тату болуы әйелдерден. “Абысын тату болса, ас көп” деп халық бекер айтпаған деп күйеулерін ұялтыпты деседі.

Ата анаң -алтының, бауырларың – байлығың екендігін әйеліңе түсіндір, айтып қана қоймай ісіңмен көрсет, көзін жеткіз. Әйелді ақылға шақыру ер азаматтан.Ал сендер әйелдеріңе имандай ұйып, әйелің ағайыныңды жақсы десе жақсы көріп, жаман десе араласпай коясыңдар.Қателіктің басы осыдан басталады. Сен, қарағым, төрт баламды қимаймын дейсің.
“Балапан ұяда не көрсе соны іледі”.Сен оған не өнеге көрсетіп отырсың? Ертең олар өзіңді сыйламай жатса, өзің оларға аузыңды аша аласың ба? Ал сенің абыройыңды ойламай, елге сені қарабет етіп, жалғыз енесін сыйдырмаған әйелден не қайыр? Ол бір шаңырақтың емес, келешек бір рулы елдің тәрбиесіне нұқсан келтіріп отыр емес пе?
Еркек айқайшыл болса қадірі кетеді.Қадірі жоқ еркектің өзі жоқ.Еркек болу үшін айқайлау, ұрысу, ұру, боқтау- жол емес.Апам айтпақшы, еркек әйелді көзімен жасқап, ыммен жұмсай білуі керек. Әйеліңді сүй, құрметте, ол-ет жақын жарың, балаларыңның анасы. Сүю- бұл оның әр ісіне бас шұлғу немесе құл болу емес.

Менің жесір көршімнің екі ұлы бар.Үлкені еркелеу, аңғырттау болды да, әйелінің артынан кетті.Оны көрген қайнысы : “Мен анама жаққан қызға үйленмін” дейтін. “Еркек-бас, әйел- мойын”. Біз де бойдақ кезімізде солай дегенбіз деп көпшілік күлетін.Сол жігіт тым тәуір қызды келін етіп түсірді. Бірақ жас емес пе, абысынының сөзіне еріп, қылығына еліктеп, тосын мінез көрсете бастады.Енесімен ұрысуды шығарады.Бірде ол әйеліне ” киін, қыдырып қайтамыз” дейді де, машинаға отырғызып төркініне әкеледі.Ас- су ішіп болған соң, қайтатын кезде қайын енесі мен атасына болған жайды айтып ” Айтып түсіндіре алмадым.Бір ашу қысқанда қол жұмсап, тұщы етіне ащы таяқ тиіп, көңіліміз қала ма деп қорқамын Ажырасқан күнде де әдемі сыйластықпен қалғанымызды қалаймын” дейді. Төркінге келген әйелі күшейіп, ” Мен саған ойыншықпын ба? Ойнап болған соң тастай салатын” деп шабалаңдайды.
Сонда күйеуі:”Мен сені жақсы көретінім сондай, сенің мінезіңді де, қателіктеріңді де кешіруге бармын.Бірақ мен анамды сенен де артық жақсы көремін” дейді де шығып кетеді.Ертеңіне құдалар қызын әкеп тұрып, жігіттің анасынан кешірім сұрапты.Бұдан бейхабар жігіт анасы аң- таң болыпты.Содан ол үйде береке орнады.

Бұған қарап, ақылына азаматтығы келіскен еркектер бар екен жастардың арасында да деп тәубе еттім.
Қарт әңгімесін көп созбақтамай бітірді.
Бәріміз тілімізді жұтып қойғандай үнсізбіз.Майдалана бастағанымызды іштей мойындадым.Өзге достарым да солай ойлады ма екен? Солай болса игі еді.
Ең қызығы, үйге кірген бойда анам менің жүзіме бір қарады да: “Не болды, балам? ” деп әп сәтте қобалжып, менің ішкі жан- күйімді бірден сезіп қойды.Өзіме сұрақ қоямын: “Анам қатты ауырып жатпаса немесе қатты мазасызданбаса мен оның жан- күйін көзінен оқи алар ма едім осылай? деп.

P.S: Жақсылық та, жамандық та бумеранг сияқты қайтып оралады екен дейді жұрт.
Ата- балаңа қарап өз әкеңе не істегеніңді есіңе ал,
Ене- келініңе қарап, өз енеңе не істегеніңді есіңе ал.
Бала- әкеңе қарап өзің де қартаятыныңды біл,
Келін- енеңе қарап ертең өзің де ене болатыныңды біл.
Сонда мүмкін..
А.С.А.
25 қыркүйек 2018 жыл

Средний рейтинг
0 из 5 звезд. 0 голосов.
Мой рейтинг:
24open
Если Вам понравилась данная статья - поделитесь с Вашими друзьями и товарищами в социальных сетях:

    Напишите ответ или комментарий

    Ваш адрес электронной почты не будет опубликован.


    Вы можете использовать эти HTML теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>